2.10.2018, 12:04
Қараулар: 413
«Музыка – сезімдер мен көңіл-күй әлемі»

«Музыка – сезімдер мен көңіл-күй әлемі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бүкіләлемдік музыка күніне арнап аудандық балалар саз мектебінің фортепиано сыныбының мұғалімі Самал Рахымжанова мен оның шәкірттері Сайқын ауылдық мәдениет үйінде «Музыка – сезімдер мен көңіл-күй әлемі» атты шығармашылық кеш өткізді. 

 

Бұл халықаралық атаулы күн кеңестік сазгер, педагог әрі қоғам қайраткері Дмитрий Шостакович ұсынысымен дүниеге келіп,  1975 жылдың 1 қазаннан ЮНЕСКО шешімімен ресми түрде тойлана бастаған екен.

Шығармашылық кеште портепианода Айым, Сезім Хамидоллалар Иршайдың «Слон-Бостон», Аққу Ертарғын Жаяу Мусаның «Ақ сиса», Мәдина Оразғалиева Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», Жандос Сәрсенбаев Чайковскийдің «Аққулар көлі балетіндегі» аққулар биін, Самал Рахымжанова мен Айым Хамидолла Людвиг Бетховеннің «К Элизе» әндерін шынайы сезіммен орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. «Самал сұлулары» бишілері «Жаяу» әнін (әнші Серік Ибрагимовтың орындауындағы) шырқай жүріп, мың бұрала биледі. Бақтияр Қалқаман мен Балайна Хамидолла шерткен Құрманғазының «Балбырауын» күйін Аянат Шынболатқызы фортепианода сүйемелдеді. Саз мектебі мұғалімдері Ермек Шарипов (баян), Жасмина Қабденғалиева (қобыз), Самал Рахымжанова мен оқушысы Айым Хамидолла (фортепиано) рио-рито шығармасын би қойылымымен орындады.

Шара соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев жиналғандарды мерекемен (қариялар және музыка күнімен) құттықтап, «музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажап дүние. Оның адам жан дүниесіне тигізетін әсері орасан» дей келе, кеш иелеріне ризашылығын білдірді. Саз мектебінің фортепиано сыныбының мұғалімі Самал Ғалымқызына мәдениет саласына сүбелі үлес қосып жүргені үшін алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Аудандық саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев шығармашылық кеш иесіне алғысхат ұсынса, аурухана қызметкері Нәсіп Қанатова көрермендерді айтулы мерекелерімен құттықтап, С.Рахымжанова мен оның шәкірттеріне әдемі концерт үшін алғысын білдірді. Немерелерін де саз мектебі үйірмелеріне қатысып жүргендігін тілге тиек етті.

– Бүгінгі мерекенің мақсаты –музыканы насихатталу және, ең бастысы, тыңдармандардың мәдени эстетикалық талғамдарын қалыптастыру. Ән –көңілдің ажары. Музыка – адамды сүю мен жақсы көруге итермелейтін ғаламат күш. Міне, менің шәкірттерімнің бойында осы қасиеттердің барлығы қуантады. Кеште қолдау көрсеткен әріптестеріме, сүйікті шәкірттерім мен олардың ата-аналарына, ұстаздарына үлкен ризашылығымды білдіремін,-деді Самал Рахымжанова.

Кеш бөкейліктердің әнұранына айналған Хабиболла Әлесовтың «Орда – туған мекенім» әнімен қорытыланды.

Айша ҚҰРМАШ

 

Түсініктеме

Жaннат Асқарова:

Ваш комментарий ожидает проверки.

Айша!қаламың ұштала берсін.! Еңбегіңнің жемісін көр!