27.09.2018, 11:37
Қараулар: 452
Төрт кәсіпкер мемлекеттік грант қаржысына ие болды

Төрт кәсіпкер мемлекеттік грант қаржысына ие болды

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жаңа бизнес идеяны сәтті қорғағандарға мемлекеттік гранттар ұсынылады.  Өңірлік үйлестіруші комиссия бағдарлама ауқымында Бөкей ордасы ауданынан жолданған 6 өтінімнің төртеуін мақұлдады. Нәтижесінде аудан кәсіпкерлері Талшын Кекенова, Жұлдыз Әбдірешева, Жайнарбек Салауатов, Ақтоты Қаресованың әрқайсы 100 АЕК, яғни 240 500 теңге көлеміндегі өтеусіз қаражатқа қол жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова «Бастау Бизнес» курсын тәмамдап, бизнес жоспарын қорғаған бөкейліктерге сертификатты табыстады.

– Республикалық және жергілікті бюджет арқылы ұсынылатын мемлекеттік грант қаражаты қайтарымсыз. Бұл қаржы ойға алған кәсіпті жандандыруға демеу болады, – деді Лариса Тельманқызы.

Сертификатқа қол жеткізген Талшын Кекенова қыз жасауына көрпе, жастық, төсекше дайындамақ. Жұлдыз Әбдірешева тігінмен, Жайнарбек Салауатов автокөлік жөндеумен айналыспақ, Ақтоты Қаресова ветеринарлық салада ақылы қызмет түрін жандандырмақ. Аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Мұратхан Сәрсенбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы ауқымында ауданымызға бөлінген 190 млн. теңге шағын несиенің 166 млн. 290 мыңы 49 азаматқа берілген. Оның 25-сі «Бастау Бизнес» курсынан өтіп, кәсіпті енді бастап жатыр.

Раушан БАҚЫТОВА