25.09.2018, 17:47
Қараулар: 719
Қайырымдылық – асыл қасиет

Қайырымдылық – асыл қасиет

Бисен ауылдық округінде аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен қараусыз қалған балалардың толық қанды мектепке барулары үшін «Мектепке жол» қайырылымдылық акциясы жыл сайын жүргізіліп келеді.

Жылдан жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілердің де қатары артып келеді. Мысалы, Бисен ауылдық әкімшілігі, «Салтанат» балабақшасы, электр желісі қызметкерлері, Бисен ауылдық амбулаториясы, мәдениет үйінің ұжымы 25 отбасының балалары мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап өтсек, зейнеткер Шынтемір Лайықов бір жанұяға 10 мың, ветеринария бөлімінің ұжымы бір отбасыға 40 мың, жеке кәсіпкер Әспет Ахтарова екі отбасыға 60 мың теңгеге қажетті заттарын алып берді. Ауылдық жастар ресурстық орталығының жетекші маманы Нұрбол Өтеғалиев үш оқушыға оқу-құралдарын сыйға тартса, жеке кәсіпкер Гүлнар Ғұсманова оқу-құралын арзан бағаға сатып, көмек көрсетті. Акцияға келушілерді ауыл әкімі Кенжебек Құрмашев қабылдап, ізгі тілегін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыстады. Сондай-ақ, «А.Каукешев» шаруа қожалығының жетекшісі, марқұм Арон Каукешев (көзі тірісінде) өзіне қолғабыс беріп жүрген қос жанұяға 200 мың теңге көлемде қаржылай көмектесіп, алдыңғы лептен көрінді. Айта кетелік, бүгінгі күнге дейін 33 отбасына 360 мың теңгедей қаражат тартылып, көмекке зәру жеткіншектерге мектеп құралдары алынып берілді.

Балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту еткен, көкірегі ашық жандарға ауыл тұрғындары жылы лебізін аямай, ризашылықтарын білдірді. Міне, осындай жомарт жандар қатары көбейе берсе екен дейміз.

Самал МҰХАМБЕТОВА,

жетекші маман