21.09.2018, 17:48
Қараулар: 551
Өнерліге өріс кең

Өнерліге өріс кең

Өткен аптаның жұмасы аудандық «Орда жұлдыздары» жастар шығармашылығы фестивалімен айшықталды. Эстрадалық вокал, халықтық музыка, бейнелеу өнері, әдеби шығарма  жанрлары  бойынша сынға түскен Сайқын, Орда, Бисен, Мұратсай, Ұялы және Жиекқұм ауылдарынан келген үміткерлер өнерлерін паш етіп, үздік атанбаққа барын салды. Ал, аудандық саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев, демалыс орталығының концертмейстері  Әсима Қайрошева, көркемдік жетекшісі Ермек  Жәрдемов  пен аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының маманы Назымгүл Қаженовалар  жүзден жүйрікті анықтауға тырысты. Фестиваль қорытындысы бойынша эстрадалық вокал жанрында мұратсайлықтар Әйгерім Иматова мен Райымбек Нұрғалиевтердің дуэті бірінші орынға лайық деп танылды. Ордалық Нұрлан Жамбылов екінші,  жиекқұмдық Ернар Васиханов пен ұялылық Гүлшарат Бисенғалиқызы  үшінші орынды иеленді. Өкінішке қарай,  халықтық музыка жанры бойынша бір-ақ үміткер (бисендік Қолғанат Қыдырғалиұлы) сахнаға шығып, ол алғысхатпен марапатталды. Он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің төртеуіне – сайқындықтар Сәрия Хайырова, Айзада Биялиева, Айымгүл  Меңдірасимова мен мұратсайлық Армат Айтмұхамбетовке бас жүлде берілді. Ордадан ат арытып келген ордалық шебер Айзат Есенгелдіге екінші орын бұйырды.  Әдеби шығарма жанрында сайқындықтар Ділназ Жасқайратова мен Жасмина Байболатова екінші, Жанна Ғазезова үшінші орыннан көрінді.

Айта кетелік, бас жүлдені иемденгендер облыстық «Дала дарындары» байқауына жолдама алды.

Арайлым Есмағұлова