13.09.2018, 16:50
Қараулар: 506
Қазақшаңыз қай дәрежеде?

Қазақшаңыз қай дәрежеде?

Теледидардан кешкі жаңалықтарды тыңдап отырғанбыз. Жүгіртпе жолға: «Алматыда 2000 оқушы тегін жүзуді үйренді» деген жазу шықты.

– Жүзудің ондай да тәсілі бар ма? – деп сұрады қасымдағы қария.

– Білмедім. «Жүзуді тегін үйренді» дегендері шығар.

– Онда солай деп хабарламай ма? Әлде онда да «қойлы орыстар» отыр ма екен? Қойыртпақтанып кетсе, қай тілдің де қадірі жоғалады. Бұқаралық ақпарат құралдарында істейтіндер осыны ескерулері тиіс.

БАҚ-қа газет журналистері де кіретіндіктен телевидениедегі әріптесімді ақтамақ болып: «Қазіргі жастардың сөйлеу мәнері, стилі сондай. Сөйлемнің орнын ауыстырып қолдана береді» деп бастағам, «Оған жол беруге мүлде болмайды. Әйтпесе, олар ертең іш киімін басқа киіп, бөріктерін аяққа сүйретуі мүмкін» деп ақсақал тіптен күйіп кетті.

Ашынғаннан шығып жатқан ащы дауыс екенін түсінгендіктен үнсіз қалдым. Қазақтың әзірбайжан қызы Асылы Осман айтпақшы, «Қазақ тілі өркендеген, шұрайлы, өте бай тіл. Тек оның қадір-қасиетін сезініп, орнымен қолдана білуіміз керек. Тілін білмеген адам қазақтың жан дүниесін жетік түсінбейді». Тіл сақталса ғана ұлт болады. Яғни, тіл тағдыры – ел тағдыры. Мемлекеттік тілдің дамуы қазақ халқының ұлттық намысының, қазақстандық отансүйгіштіктің қалыптасып, одан әрі нығаюына жол ашады. Ол үшін ұлттық тәрбие мен оқыту, тіл үйрету үрдісін жетілдіре беруіміз шарт.

Ана тіліміз туралы әңгіме қозғалса, қазақтардың өзі екі тарапқа бөлінеді. Орыс мектебінде оқыған, не түрлі себептермен сөз мәйегіне терең бойлай алмағандар ауызекі, тұрмыстық тілді білгендерімен, жап-жатық сөйлей алмайды. Олардың арасындағы жаны, жүрегі қазақ деп соғатындар мемлекеттік тілді меңгеруге құлшына кірісіп, жақсы нәтижелерге жетуде. Алайда, қазақ тіліне үрке қарайтын, оларын қостілділік, үштілділікпен бүркемелегісі келетіндер әлі де бар. Ешкім оларды қазақ тілін білмегені үшін күстаналап, қоғамнан алшақтатып жатқан жоқ. Тек оларға да, басқа ұлт өкілдеріне де бір шаңырақ астына топтасқан соң, әрқайсымыз сол шаңырақтың (қазақ мемлекетінің) уығы бола білейік, елді, оның тілін құрметтейік дейміз.

Былтырдан бері «Орда жұлдызында» кейбір сайқындық бүлдіршіндердің тілі орысша шығып, былдырлап жүргендері, бұл жақсылықтың нышаны еместігі оқтын-оқтын жазылып келеді. Соған үн қатқан бір ата-ана, бір ұстаз болса-шы. Бұл не қылған немқұрайлылық?! Баласының болашағына алаңдаушылық білдірмегендері қалай?

Осы орайда, ауыл шаруашылығынан басқа саладағы мамандардың да қазақша жаза білмейтіндерін айта кеткеннің артығы болмас. Одақ кезінде қай оқу орнына (училище, техникум, институт) түспе, орыс тілі мен әдебиеті қалмайтын еді ғой. Егемен елімізде олай емес пе? Бұрындары орысша білмейді деген қазақтың өзінде «нан алып жерлігі» болатын. Қазіргі кейбір қандастарымыздың қазақшасы оған жетпей жатса, бодандықты қамытын әлі сүйретіп жүргендері емес пе?!

Ойды ой қозғайды, өткен оқығаны еске түсіреді. Бір мекемеге барсам, басшысы қызметкерін «Ой, қойлы орыс» деп реніш білдіріп жатыр. Жас маман аң-таң кейіппен: «Ол не сөз?» деді. Бұл сөздің мәнісін ашып түсіндіруді оқырмандардың еншісіне қалдырайық. Сонымен қатар тіл саясаты жөніндегі өз ой-пікірлеріңізді қоса жолдасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

Шынымен, қазақшаңыз қай дәрежеде?

Каримолла ҒАЙСИН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар