13.09.2018, 16:11
Қараулар: 355
Былдырлаған балалар байқауға түсті

Былдырлаған балалар байқауға түсті

«Ертөстік» бөбекжайында өткен «Бала тілі – бал» аудандық байқауына 4 пен 6 жас аралығындағы 22 үміткер қатысты. «Тіл – тұтастық туы» жалпыхалықтық тіл фестивалі аясында өткен бұл байқауға балабақша, шағын орталық пен орта мектеп бүлдіршіндері төрт кезеңде тартысты. Олар патриоттық рухтағы тақпақтарын тақылдарып, әндерін шырқап, тақырыпқа сай жаңылтпаштар мен мақалдарды төгілтті. Сурет бойынша әңгіме де құрастыруға талпынды.

Қорытындысында З.Жиенәлиев атындағы бастауыш мектеп оқушысы Зәмзәм Ертай бас жүлдеге ие болып, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. «Ертөстік» бөбекжайының тәрбиеленушісі Инабат Бисекенова І орын, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақша оқушысы Бейбарыс Ерсайн ІІ, Жәңгір хан атындағы орта мектептің оқушысы Денис Федориди ІІІ жүлдені иеленді.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ