13.09.2018, 15:49
Қараулар: 564
«Әуелеп өткен саз ғұмыр»

«Әуелеп өткен саз ғұмыр»

Саралжын ауылдық мәдениет үйінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасының халық әртісі, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловке арналған «Әуелеп өткен саз ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастырған кеште Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – «Құрмет» ордені, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов) күйші-композитордың туындыларын орындады. Сондай-ақ, Т.Шәмеловтің елге танымал әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Хатимолла Бердіғалиев, Қырымгерей Қажымов, Жаңылсын Хасанова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Еркін Өтегенов, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Айбар Хайырханов және басқалар нақышына келтіре шырқады.  Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар да күмбірлете күй шертті.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева әдемі кеш сыйлаған құрметті меймандарға қош келдіңіздер айтып, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажғалиевке аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың алғысхаты мен ықылас гүлін табыстаса, Асхат Тарасұлы Тұяқберді Шәмеловтей біртуар тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайтынын баса айтып, бөкейордалықтарға ризашылығын білдірді. С.Сағырбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шыңғыс Ромашев «Тұяқбердіге» атты арнау өлеңін оқыды.

-Тұяқбердіні мен 35-40 жылдай уақыттан бері танимын. Алматының П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқып, кәсіподақ құрамында жүріп, Құрманғазы оркестріне келіп жұмыс жасағандығынан бастап білемін. Тұяқтың әрбір өнерде, яғни, күй өнерінде жасаған нақты да сәтті қадамдары менің көз алдымда өтті. Мысалы, Құрманғазы атындағы домбырашылар конкурсы алғаш өткенде Тұяқберді Қажыгерейұлы лауреат болған болатын. Қазылар алқасында марқұм Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Рүстем Омаров сынды танымал ағаларымыз оның өнерін үздік деп бағалады. Жалпы, оған дейін де Тұяқтың жақсы әндер шығарып жүргенін естігенбіз. Ең алғаш шыққан «Сол бір жылғы тырналар», «Алғашқы махаббат» әндері еді. Күйлері де бар. Тұяқ өмірден ерте кетті. Өзі бір сезімтал, көңілі жас баладай ашық, жарқын, досқа мейірімді, үлкендерді ағалап, құрдастарын, іншектерін сыйап, батыстан шыққан домбырашылардың бәрін өз группасына алып, үйретті. Ол кісіні домбыра нүктесін нақты шегелеп, дайындап кетті десем, артық айтқаным емес. Сол домбырашылар қазір ізін жалғастырып, алға жүргізіп келеді. Көңілімізде, жүрегімізде, көз алдымызда Тұяқтың жарқын бейнесі, ақ көңіл азаматтығы мәңгі сақталады,-деді Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптарының дирижері Қырымгерей Қажымов.