7.09.2018, 19:07
Қараулар: 79
«Орда жұлдызы» газетіне жаңа редактор тағайындалды

«Орда жұлдызы» газетіне жаңа редактор тағайындалды

Бүгін Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен келген «Жайық Пресс» медиахолдингі Бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың қатысуымен аудан активіне «Жайық Пресс» ЖШС Бөкей ордасы филиалы – «Орда жұлдызы» газетінің жаңа директор-редакторын таныстырды.

Жиынды ашқан Нұрлан Сағынтайұлы меймандарға қош келдіңіз айтып, осы кезге дейін аудандық басылымның редакторлық қызметін атқарып келген Бауыржан Бисеновтың денсаулығына байланысты ұзақ мерзімді демалыс алып жатқанын жеткізіп, оның жүгін артқалы келген облыстық «Орал өңірі» газетінің белді тілшісі Нұртай Текебаевты ауданның атқа мінерлерімен таныстырды.

Қадірменді мейман Нұрсұлтан Ертуғанұлы аудан активіне Нұртай Алтайұлының осы уақытқа дейінгі қызмет жолдарына тоқталып, оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Аудан халқына жақсы таныс қарымды қаламгер Бауыржан Махудұлы өз кезегінде Нұрлан Сағынтайұлы басқарып отырған аудан халқына зор алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, медиахолдинг Бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Ертуғанұлы «Орда жұлдызы» газетінің редакциясында болып, жаңа басшыны ұжыммен таныстырды. Онда сөз алған Бауыржан Махудұлы, тілші Каримолла Ғайсин, есепші Ағира Абдирова қош келдіңіз айтып, ақ жарма тілектерін арнады.

Айта кетейік, Нұртай Текебаев 2009 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдаған. Орал гуманитарлық-техникалық колледжінде еңбек жолын бастады. 2010-2012 жылдары Ақоба ауылындағы Хаби Халиуллин атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. 2012-2013 жылдары Жәнібек ауданы әкімі аппаратының статисі. 2013-2015 жылдары Жәнібек аудандық «Шұғыла» газеті редакциясының тілшісі. 2015 жылдан бастап облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Біз де батыс өңірінің басты ақпарат көзі – «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымының атынан Нұртай Алтайұлының жаңа қызметіне табыс тілейміз!

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар