1.09.2018, 18:18
Қараулар: 39
Жаңа үлгідегі жатақхана

Жаңа үлгідегі жатақхана

Білім күні М.Мәметова атындағы орта мектептің жанынан бой көтерген заман талабына сай жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан атқамінерлері, ауыл тұрғындары, оқушылар мен ұстаздар жиналып, ортақ қуанышты бірге бөлісті.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Аязбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтай келе, «Елбасымыз білімді ұрпақ тәрбиелеуді басты мәселе етіп қойды. Ол – ата-аналар мен ұстаздарға, баршамызға ортақ міндет. Бұл міндетті орындауға жағдай да жасалып жатыр. Соның бір дәлелі – мына заманауи үлгідегі жатақхана. Игілігіңізге пайдаланыңыздар. Жас балғындарға сәттілік тілеймін!»-деді. Мердігер «Альфа Строй Сервис» ЖШС-ның уәкілі Серік Басаров нысанның уақтылы аяқталуына қол ұшын берген аудан басшылары мен тұрғындарға ризашылығын білдіріп, интернаттың символикалық кілтін мектеп директоры Асылхан Аманғалиевке салтанатты түрде табыстады. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов «Альфа Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына алғысхат пен ескерткіш сыйлық табыс етті.  Мәдениет саласының ардагері, шоңайлық зейнеткер Сағира Қажығалиева барша жерлестерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, шәкірттер мен ұстаздарға ақ батасын берді.

Жатақхананың есігіне керілген лентаны М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Асылхан Тельманұлы мен ардагер ұстаз Күлаш Байжұмашева қиып, дәстүр бойынша шашу шашылды. Шараға қатысушылар жаңа ғимаратты аралап көріп, танысты.

Айта кетелік, бұл жатақхана 70 тәрбиеленушілерге арналған.  Бөлмелері кең де жарық, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына толық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ, кабинеттер заманауи оқу құралдарымен қамтылса, асхана, балалар демалатын орын, кітапхана, дәрігерлік көмек көрсету бөлмелері  бар. Ауласында ойын алаңы жабдықталған. Жалпы құны 321 млн. теңге құрайтын интернат құрылысын «Альфа Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9 айда аяқтады.

Интернатқа қабылданушы  Әйгерім Бөкенованы сөзге тартқанымызда ол: – М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқимын. Ата-анам Жәрмеңке елді мекенінде тұратындықтан, мектеп жанындағы жатақханада тәрбиеленіп келгенмін. Міне, биыл жатақханамыз жаңадан салынып, қуанышымызда шек жоқ. Біздің білім алуымыз үшін барлық жағдайды жасап жатырған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен басшыларға құрбы-құрдастарымның атынан алғысымды білдіремін,-деді.

Жаңа ғимарат құтты, білім жолына шыққан шәкірттердің қадамы оң болсын!

Айша ҚҰРМАШ.