1.09.2018, 17:44
Қараулар: 19
Алғашқы қоңырау сыңғыры

Алғашқы қоңырау сыңғыры

Қыркүйектің бірінде,

Күміс қоңырау күмбірлеп.

Әр баланы қарсы алды,

Мектеп біздің күлімдеп,-деген өлең жолдарымен М.Мәметова атындағы орта мектепте басталған «Сәлем саған сүйікті, алтын ұя мектебім!» атты алғашқы қоңырау салтанатында, алдымен, Қазақстан Республикасының Туы шығарылып, Гимні шырқалды.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев даңқы тек батыс өңірде ғана емес, күллі Қазақстанға, тіпті, ТМД елдеріне аян Мәншүк апамыздың құрметіне еліміздің жүрегі – Астанада да елеулі нысандар ашылғандығын сөз етіп, оның есімін иеленген мектептің абыройын асыру осы шәкірттердің қолында екендігін атап көрсетті. «Болашақ балалардікі» деген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, келер жылы осынау білім ұясы мен М.Бегалиева атындағы орта мектепте жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Аталмыш мектеп директоры Асылхан Аманғалиев биыл оқушылар саны артып, 25 сыныпта 365 шәкірт білім алатынын, сонымен қатар, білім саласындағы соны өзгерістердің жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, тәрбиенің ілгерілуіне ата-аналарды атсалысуға шақырды.

1-сыныпқа қадам басқан 56 шәкірттің бірқатары үш тілде тақпақтарын тақылдатып, жиынға келген меймандар мен ата-аналарды, ардагер ұстаздар мен мұғалімдерді  бал тілдерімен таңдандырды.

Қоңырау сыңғырла асыға,

Үн қосқан қиядан асуға.

Білім ал, еңбек ет, жасұлан,

Өрле биік шың басына,-деп 1-сынып оқушылары Айжұлдыз Каримолла мен Елжан Бекболатов алғашқы қоңырауды соғып, оқушыларды сабаққа бастады.

Осылайша, ауданымыздағы 18 білім ошағында алғашқы қоңырау сылдыр қақты. Биыл мектеп партасына отырған 2440 шәкірттің, оның 167-сі бірінші сыныптықтар.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар