28.08.2018, 16:52
Қараулар: 453
Талғампаз тұтынушыларға тарту

Талғампаз тұтынушыларға тарту

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеке кәсіппен шұғылданамын  деушілердің қатары ауданымызда артып келеді. Солардың бірі – сайқындық Гүлзат Нүркенова әйелдерге арналған «Ляйсан» киім дүкенін ашып, жұртшылықты бір қуантты.

Қыз-келіншектер үшін тағы бір жағымды жаңалық, дүкеннің ішінде қас жұлу, кірпік ұзарту сынды процедуралар жасайтын сұлулық бөлмесі және бар. Бала кезінен жеке сауда орнын ашуды армандаған оның мақсатына қол жеткізуіне «Бизнес бастау» жобасы түрткі болыпты. Аталмыш жобаға қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан ол 2 млн 400 мың теңге несиеге қол жеткізіп, іске кірісіп жатыр. Міне, шағын ғимаратты сатып алып, әсемдігі мен келбеті келіскен жеке дүкен иесі атануда.

Талғампаз тұтынушының үдесінен шығуды көздеген жас кәсіпкерді құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі төрайымы Гүлжан Бисекенова мен өзге де ауылдастары келіп, ақжарма тілектерін жаудырды, халыққа мінсіз қызмет көрсетеріне сенім білдірді. Ауданымыздың құрметті азаматы, танымал оташы, зейнеткер Серік Нүркенов келіні Гүлзаттың қадамына сәттілік тілеп, бата берді.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ.