28.08.2018, 16:41
Қараулар: 390
Жұмыссыздар жәрмеңкесі

Жұмыссыздар жәрмеңкесі

Бүгінгі таңда оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар үшін жұмысқа орналасу – басты проблема. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке өтті. Оның ашылу салтанатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин жұмыссыздар мен жастарды жұмысқа тарту барысынан біраз мәліметтер беріп, сәттілік тіледі.

Жәрмеңкеге қатысушыларды мекеме басшылары жеке қабылдап, танысып, толық ақпарат алды. Жұмыс іздеушілер түйіндемелерін беріп, мамандардың кеңесін тыңдап, олармен сұхбаттасуға да уақыт тапты. Айта кетелік, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы төңірегінде көптеген сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мектептер математика, химия, информатика, технология сынды пән мұғалімдеріне, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті емдік дене нұсқаушысына, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі заңгерге, аудандық аурухана жалпы дәрігерлермен қатар  рентгенолог, көз дәрігері және медбикелерге сұраныс беріпті. Иә, сұраныс бар-ау, қажетті мамандар табылмауда.

Аталмыш жәрмеңкеде үміткерлердің дені аудан орталығында қалғысы келетін ыңғай танытып, ауылдық округтерге барудан бас тартты. Сөйтіп, бұл күні бес адамға ғана жұмыс табылды.

Айша АСҚАР.