28.08.2018, 16:17
Қараулар: 368
Министр марапаттады

Министр марапаттады

Қазмедиа орталығында өткен педагогика қызметкерлерінің биылғы республикалық тамыз кеңесінің тақырыбы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» деп аталғаны баршаға мәлім. Елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңға тарта білім саласы өкілдері алдында сөз сөйлеп, форумға сәттілік тілеген Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Елбасымыздың «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның білім деңгейіне қарай айқындалады» деген тұжырымын екпін бере қайталады. «Қазіргі жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті адам ресурстары шикізат ресурстарымен салыстырғанда анағұрлым маңызды»,-деді ол.

Осы кеңеске қатысып, мұғалімдер үшін ең жоғарғы марапат Ы.Алтынсарин төсбелгісіне ие болған 23 ұстаздың арасында аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығы директоры Мереке Махимовтың бары бөкейліктердің беделін тағы бір көтеріп тастады. Облыс бойынша ұсынылған бес үміткердің ішінен жерлесіміздің ғана өтуі, әрине, зор абырой. Мына суретте республикамыздың Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Мереке Темірболатұлын ұлықтап жатқан сәті бейнеленген.

– Марапат құтты болсын, мерейіңіз асқақтай берсін,-дейміз біз де оған.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар