28.08.2018, 15:58
Қараулар: 403
Тамыз кеңесі

Тамыз кеңесі

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты білім беру жүйесі қызметкерлерінің биылғы аудандық тамыз кеңесі жылдағыша аудандық мәдениет үйінде оздырылды. Келушілер алдымен фойеде қойылған көрмелер мен «Білім беру жүйесі жетістіктері» тақырыбындағы стенділерді тамашалады.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.М.Иманбаев Елбасымыздың биылғы Жолдауында білім саласы бойынша көтерілген мәселелерге негізделген аталмыш кеңестің маңыздылығына тоқталып, оның шеңберінде атқарылған істерге ерекше назар аударды. (Ержан Мақсотұлының баяндамасының нұсқасы газетіміздің өткен санында жарияланғанды).

Педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов мұғалім – ата-ана – оқушы арасындағы үштік байланыс жөнінде сөз қозғаса, облыстық білім басқармасының әдіскері Ләззат Бірекеева саладағы соны өзгерістерді тілге тиек етіп, облысымыздағы 15 мектепке ғана орнатылған ІТ сыныбының бірі М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында ашылғандығын айтты. Ардагер-ұстаз Қарақат Хайроллина білім берудің заманға сай жетілдірілуі өрендерімізді өрге жетелейтінін әңгімелесе, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова жеке кәсіп иелері тарапынан балғындарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жөнінде баяндады. Жәңгір хан атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мэлс Үшенов кеңестің тыныс-тіршілігімен таныстырса, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры Жұбан Ғұмаров өзгерістер негізінде ұстаздар енді тексеруші органға 5 түрлі құжатты ғана ұсынатыны олардың жүктемесін тымтәуір азайтатынын жеткізді.

ҚР Білім және ғылым министрінің өз қолынан Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісін алған аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Мереке Махимовке қоса, Жәңгір хан атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльвира Жамашеваға, Бөкей ордасы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Омароваға министрдің құрмет грамотасы, М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Қадымоваға алғысхаты табысталды. Сонымен қатар бір топ педагогтар мен ұжымдар аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының, аудан мұғалімдері кәсіподағы ұйымының мадақтаулары мен бағалы сыйлықтарын иеленді. Айта кетелік, балаларының Алматы, Шымкент, Орал қалаларында өткен республикалық, облыстық жарыстарына қатысуға демеуші болып, үкілеген үміттері ақталған ата-аналар аудандық білім бөлімінің алғысхатын алды.

Білімнің көшін бастап келе жатқан педагогтарды біз де жаңа оқу жылымен құттықтаймыз!

Раушан БАҚЫТОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар