28.08.2018, 15:17
Қараулар: 479
Парламент мәжілісі депутаты ауданымызда

Парламент мәжілісі депутаты ауданымызда

Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі депутаты Шафхат Өтемісов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар округтерді аралай келіп, жұма күні түс ауа аудан орталығына атбасын тіреді. Салынып жатқан құрылыс нысандарын, жөнделіп жатқан көше жолдарын көріп, әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесті.

Кездесуді ашып, қонақтарға қош келдіңіздер айтқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бөкейліктердің қазіргі тыныс-тіршілігімен, қолға алынып, істеліп жатқан шаруаның, науқандық жұмыстардың барысымен таныстырды. Шафхат Әнесұлы да Нарын өңіріндегі игі істерді осы сапарында айқын аңғарғанын, тілдескен шаруа қожалығы мүшелерінің де шешіле сөйлесіп, Елбасымыздың саясатын қолдайтындықтарын білдіргенін ризашылықпен жеткізді. Сонымен қатар Парламенттегі халық қалаулыларының қызметтерінен мол ақпарат беріп, ішкі-сыртқы саясаттан да хабардар етті.

– Мәжіліс депутаттары жылына 4 рет елге шығамыз. Өз сайлаушыларымызбен ғана емес, өзге облыстарға да барып, жұртшылықпен пікір алысамыз. Ауылдардағы жағдайды,  қабылданып жатқан бағдарламалардың оларға тиімділігі жөнінде білуге, ой бөлісуге тырысамыз. Бүгін Сіздермен де осы төңіректе сөз қозғап, емен-жарқын әңгімелеспекпін,-деген Ш.Өтемісовтің бастамасын жерлестеріміз құп алды.

Мінбеге бірінші көтерілген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков табиғи газ бен таза суға қол жеткізген бөкейліктердің жол мәселесін облысымызға  келген биылғы сапарында шешіп берген Елбасымыз Н.Назарбаевқа жұртшылықтың алғысын жеткізуді сұрай келе: тағдырдың тепкісін көп көрген тұңғыштар мекені Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашистерінің бомбалауы астында қалса, кейін жерінің тең жартысы «Капустин Яр», «Азғыр» әскери сынақ полигондарына берілуіне байланысты ядролық, т.б. жарылыстардан зардап шеккенін тілге тиек етіп, үш Кеңес Одағы Батыры мен бір Халық қаһарманы, 24 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданымыздың ерлік, еңбек дәстүрлерін ұлықтап, жастарға үлгі ету үшін «Жауынгерлік даңқты аудан» атағы берілсе; ауданның облыстан 600 шақырым шалғайлығы ескеріліп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келіп жатқан жас мамандардың көтерме жәрдемақысы мөлшері ұлғайтылса (әйтпесе, Оралдың түбіндегі ауылға барғандармен бірдей болуы әділдік емес);  бұл күнде науқастанғандарды қалада емдеу үшін порталға салады, квота бөлінеді. Полигон зардабын көріп отырған бөкейліктерге көбірек квота бөлініп, порталдың жүруі тездетілсе деген ұсыныс жасады.

Аудандық «Нарын шуағы» әйелдер бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова Ресеймен арадағы «Молодость» шекара бекетінің жеңілдетілген жүйеге көшірілуінің тездетілуі, «Нарын жастары» бірлестігі төрағасы Мұхтар Жоламанов аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешені салынуы қажеттігін құлаққағыс жасады.

Аудан әкімінің орынбасарлары Лариса Қайырғалиева мен Рүстем Зұлқашев білім беру жүйесін жетілдіру, әскери полигонға берілген бос жерлерді мал шаруашылығына пайдалану төңірегіндегі ойларын ортаға салса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Бисенбек Насимоллин: полигон астында, шекаралық аймақта тұрып жатқан тұрғындарға, осындағы иығында погоны барларға көрсетіліп жатқан жеңілдікті (бір жылдық еңбек өтілімі жыл жарымға есептеледі) берсе немесе қаржылай төлем жасалса; тұрғын үйді жекешелендіру барысында қолданыстағы заң мен «Нұрлы жер» бағдарламасы арасында алшақтық бар, сол реттелсе, жетім балаларға сатпай-ақ, тегін беру қарастырылса деген пікір білдірді. М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі Назгүл Төлеғалиева мұғалімдер мен дәрігерлердің, мемқызметкерлердің айлықтары дүркін-дүркін өсірілгенмен қарапайым жұмысшылардың, техничкалар мен шоферлардың айлықтары өзгеріссіз қалғанын ескертті.

Жұртшылықтың айтқандарын назар сала тыңдап, қойын кітапшасына түртіп алып отырған мәжіліс депутаты қозғалған мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, нәтижесіз  қалдырмайтынын айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.