14.08.2018, 17:59
Қараулар: 422
Мәдени шара

Мәдени шара

Бөрлі ауылдық мәдениет үйінде ұмыт бола бастаған көне дәстүрлерімізді өскелең ұрпаққа қайта жаңғырту мақсатында аудандық демалыс орталығының демеушілігімен рухани шара оздырылды.

Жайма шуақ, шілденің шіліңгір күнінде мәдениет үйі ауласына киіз үй тігіліп, ауылдағы әжелеріміз әртүрлі тағам түрлерін әзірлеп, тұрғындар мен жастарға паш етті. Сәуле әже Майхиева сүттің бетіндегі қаймағын алып, сүтті ұйытып, тұз сеуіп, қайнатылған құрттың, қай мезгілде де жеуге қолайлы екенін айтса, Тұрсын әже Заева сүт мәшинесінің көмегімен сол жерде қаймақ дайындап, балалар оған нан батырып жесті. Округ әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия әже Мұқашева бидайды диірменнен өткізіп, талқан тартып, оның адам денсаулығына пайдалылығын баяндады. Жұмахан әже Карина да бидайды қазанға салып қуырып, дайындау әдісін қатысушыларға түсіндірді.

Міне, айтулы шарада ауыл әжелері дастархан үстін жайнатып, ұлттық тағам түрлерімен толтырды. Айта кетелік, бесік той, шілдехана, тұсау кесу әндерін шырқап жүретін мәдениет саласының ардагері Орынай әже Сариева «Қазақтың дастарханы-ай» әнін тамылжыта орындап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында мәдениет үйінің директоры Айнұр Әбдірешева салт-дәстүрімізді насихаттауда үлес қосып жүрген ақ жаулықты әжелерге ризашылығын білдіріп, ұлттық менталитетіміздің өркендеуіне үлес қоса беріңіздер деген ниетін жеткізді.

Алтынбек ҚАБДЫҒАЛИЕВ,

әдіскер.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар