14.08.2018, 17:13
Қараулар: 488
Билер кеңесі құрылды

Билер кеңесі құрылды

«Тура биде туған жоқ» депті халқымыз. Кезінде бір рулы елдің дау-дамайын бірауыз сөзбен шешкен, әділдікті тең ұстаған Әйтеке, Қазыбек, Төле сынды билер қазақта аз болмаған. ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің елімізде билер институтын дауларды шешуде баламалы әдіс ретінде қолдануды ұсынуы парасатты шешім деп білеміз. Өйткені, араздасып, өкпе-ренішке жол берген жандардың әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу бұл Елбасымыздың жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Кеше ғана облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев облыстағы билер кеңесін құру жөніндегі үйлестіруші болып тағайындалды. Осындай билер кеңесін құру және билерді тағайындау шаралары ауылдық әкімшілікте де оздырылып, оған қатысқан аудандық соттың төрайымы Гүлжиһан Сағатова билер кеңесінің мән-маңызын, қоғамдағы орнына тоқталып, жастарды тәрбиелеудегі ықпалын көрсетті.

Өткізілген шараға ардагерлер, аналар кеңестерінің мүшелері, мекеме басшылары, Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек елді мекендері тұрғындарының  өкілдері де қатысты. Басқосуда сөз алған көктеректік Қадырбай Айтасов билер кеңесінің бабалар мұрасына зор құрмет екенінін, ардагерлер кеңесінің мүшесі Саниолла Қуанышқалиев кеңес құрамына абыройлы да ел құрметіне бөленгендердің сайлануы тиістігін тілге тиек етсе, медиатор Әбдірахман Құрақов оны өңірдегі дауласу деңгейін төмендетуге бағытталған шараға теңеді. Ауыл белсенділері 500-ге тарта тұрғыны бар Көктерек пен Жамбыл елді мекендеріне екі биден, Жиекқұм мен Бисенге бір-бір биден сайлады. Билер кеңесі құрамында әйгілі Малтақан бидің ұрпағы бары да көңіл қуантады.

Ата салтты жаңғырту – болашаққа жарқын жол. Алдағы уақытта  қандай ма болмасын кикілжің, дау-дамайларлар сотқа жеткізілмей, билер кеңесінің араласуымен табан орнында шешіледі деп күтеміз.

Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.