7.08.2018, 10:50
Қараулар: 345
Тұңғыштар мекені жаңа кезеңде

Тұңғыштар мекені жаңа кезеңде

Сайқын. Рухани жаңғырудың «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында бұл күнде оралдық болып кеткен жерлесіміз, «Хаулет компаниясы» тобы басшылары кеңесінің төрағасы Қуаныш Бірманов аудан орталығынан 1 млн. 500 мың теңгеге балалар ойын алаңын салдыртса, бисендік кәсіпкер Меңдешев Ермек Пахманұлы «Нұрлы жер» бағдарламасымен құны 7 млн. 950 мыңдық шағын футбол алаңын тұрғызған еді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, облыс әкімі орынбасары Ғ.А.Оспанқұловтың Сайқынға сапары осы нысандардың пайдалануға берілуімен тұспа-тұс келді. Сондықтан да нысандардың ашылуына арналған салтанатта алғашқы сөз құрметті мейманға берілді. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі екенін тілге тиек еткен Ғабидолла Абдоллаұлы салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін қайыра еске салып, сайқындықтарды қуанышты күндерімен құттықтады. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов та өз лебізін білдіре келіп, құрылысты жүргізген мердігерлерге – Ермек Меңдешев пен Қуаныш Бірмановтың өкілі Қуаныш Шәріпқалиевке алғыс хатын табыстады. Тұрғындар атынан тілек айтқан зейнеткер-ұстаз Ноқаш Қадымов жас футболшыларға теңбіл допты сыйға тартты.

Қатар тұрған қос ойын алаңының есіктеріне керілген лентаны қию құрметі ауылдық округ ардагерлер кеңесі төрағасы Марат Қадешев пен Қуаныш Шәріпқалиевке, спорт ардагері Жасқайрат Сұлтанғалиев пен Ермек Меңдешевке ұсынылды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловқа ерген қонақтар аудан басшыларының бастауымен «Ер Төстік» бөбекжайында, аудандық ауруханада, М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте, аудандық мәдениет үйінде болып, олардың жұмыстарымен танысты, бағдарламаға сай атқарылып жатқан шаралар төңірегінде кеңес берді. Күйшілер бағында оларға арнап жас домбырашылар Құрманғазының «Адайын» аңыратса, мәдениет үйінде де күймен қарсы алынды. Ақ жаулықты әжелер де сызылтып ән салды. Сақасын иірген сұр мергендер де асық ойынының небір түрі барын баяндап, шеберліктерін көрсетіп қалуға тырысты.

Иә, мақтанышпен көрсетер игі істеріміз көп болғай.

Каримолла ҒАЙСИН.