17.07.2018, 9:36
Қараулар: 158
Шынықсаң, шымыр боларсың

Шынықсаң, шымыр боларсың

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналып Ақсай қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің облыстық ІІ жазғы ойындарына қатысушылар (2001-2003 жылдары туылғандар) спорттың он түрінен сайысқа түсті.

Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Д.Семилиди бастап барған бөкейлік балғындар оның тек бес түріне (қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, волейбол мен футбол) ғана қатысты. Боз кілемге шыққан алты палуанымыздың екеуі жүлдеге қол жеткізді. 72 келі салмақтағы Бекзат Ахатов бірінші орынды жеңіп алса, 51 келі салмақтағы Жәңгір Ескендіров үшінші тұғырға көтерілді. Сөйтіп, жалпы командалық  есепте палуандарымыз жетінші орынды иемденді.

Асық атудан барған қыздарымыз Аягүл Өтеуғалиева, Гүлсімай Ермекова, Әйгерім Бек мергендік танытып екінші, ұлдарымыз Дәулет Жамбылов, Ернар Васиханов, Талап Азаматов үшінші, ал, жалпы командалық есепте олар жүлделі екінші орынды еншіледі. Үшінші орын алған Бибігүл Төлегеновадан басқа тоғызқұмалақшыларымыз орта деңгейден аса алмай, командалық есепте алтыншы орынмен шектелді.

Алғы лектен көрінген спортшылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының диплом-медальдарымен марапатталды. Облыс құрамы сапына енген Б.Ахатов республикалық спартакиадаға баратын болды.

Дәурия ДҮЙСЕНОВА,

аудандық балалар-жасөспірімдер спорт

мектебінің қызметкері.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.