10.07.2018, 9:54
Қараулар: 387
Оралдықтарды ән мен күйге бөлеп қайтты

Оралдықтарды ән мен күйге бөлеп қайтты

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында  Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Бөкей ордасы ауданы көркемөнерпаздары  оралдықтарға «Астанаға сәлем!» атты  мерекелік концертін ұсынды.

Алты алашқа аты мәлім  қасиетті  өнер өлкесінің ән кеші Дайрабайдың күйіне қойылған «Дала дастаны» би қойылымымен ашылды. Сондай-ақ,  «Жұбан көктемі» халықаралық фестивалінің лауреаты атанған аудандық ұлт-аспаптар ансамблі Құрманғазының «Саранжап» күйі мен С.Бәйтерековтің «Кішкентай» шығармасын нақышына келтіре орындады. Ал, «Асқақтай бер, Астана!», «Қазақпын», «Ұрпақ үні», «Астана вальсі», «Мой край»  әндерін тамылжыта орындаған әншілер Эльдар Құдабаев, Венера Елемесова, Гүлнар Ахметова, Рауан Қажығалиев пен  ауданның мақтанышына айналып үлгерген «Нарын» ән-аспаптар ансамблі, «Самал сұлулары» вокалдық тобы, «Надежда» триосы, «Орда гүлдері» бишілері және басқа жекелеген өнерпаздардың өнерлері  көрерменнің  көңілінен шығып, керемет әсерге бөледі.

Алыстан ат арытып жеткен ордалықтардың концерттік бағдарламасын тамашалауға келген ағайынның қарасы көп болғанын айта кетелік. Сахнаға шыққан әр өнерпазға олардың тәнті болғандарын дуылдата соққан шапалақтары аңғартты.  Амфитеатрға жиналған көрермендердің шынайы  ықыласы өмірін өнермен өрген мәдениет қызметкерлеріне шалқар шабыт сыйлап, көңілдерін бір марқайтып тастады. Осынау  мерекелік жиын соңы от шашумен аяқталды.

 

Мейрамгүл МұхамедИярова,

аудандық демалыс

 орталығының әдіскері.