20.06.2018, 11:52
Қараулар: 540
Шекаралық белдеу һәм аймақ

Шекаралық белдеу һәм аймақ

ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті Жәнібек аудандық бөлімінің ұсынысымен шекаралық аймаққа жататын Мұратсай, Сайқын ауылдары және Шоңай елді мекендері тұрғындарымен басқосулар оздырылып, аймақ тұрғындарының міндеттері мен құқықтары түсіндірілді.

Аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында өткен жиналысты Сайқын ауылдық округі әкімі Мейрамбек Аққалиев ашып, «Орда» шекара бекеті бастығының міндетін атқарушы, лейтинант Нариман Зейнолла күн тәртібіндегі мәселені егжей-тегжейлі қозғады. Шекаралық белдеу мен шекаралық аймақтың мән-маңызын ашып көрсеткен Нариман Русланұлы, белдеудің екі жағындағы көршілердің қарым-қатынасы, келім-кетімі белгіленген заңға сай болуы керектігін, шекаралық тәртіпті сақталуына болысу Қазақстан азаматтарының міндеті екенін де құлаққағыс жасады. Малды өз бетімен жібермей, бағу керектігін де қаперге берді. Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері, полиция капитаны Талғат Нұғманов екі арадағы алыс-беріс, келім-кетім құжаттарды реттеу жайын тілге тиек етті.

Сөйлеушілердің әңгімесінен есте ұстарлық бір жайт: шекаралық аймақ тұрғындарының жеке басын куәландыратын құжатты үнемі өзімен бірге алып жүргені жөн екен. Сондай-ақ, өзге аймақтан келетін туыстарға, қонағымызға «өз еліміздің іші ғой» деп куәліксіз келмеулерін ескерткеніміз абзал көрінеді. Әйтпесе, шекарашылар тексеріп қалғанда тиісті құжаттарымыз болмаса айыппұлға ілінуіміз мүмкін. Жерлестеріміздің шекаралық аймақта қоныстанып жатқанын, оның өз жауапкершілігі барын сезінгендері дұрыс.

Каримолла ҒАЙСИН.